Жердің көміртек айналымын зерттейтін Еуропа спутнигі орбитаға сәтті ұшырылды

Фото: Фото: azertag.az

АСТАНА. KAZINFORM  — Еуропалық ғарыш агенттігінің (ESA) орман экожүйелері мен олардың Жердің көміртек айналымындағы рөлін зерттеуге арналған Biomass спутнигі орбитаға сәтті шығарылды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Спутник 2025 жылғы 29 сәуірде, Француз Гвианасындағы Куру ғарыш айлағынан Vega-C зымыранымен ұшырылды. Ұшырылым орталық еуропалық жазғы уақыт бойынша сағат 11:15–те өтті.

Biomass зымыранынан бір сағаттан аз уақыт ішінде бөлініп шықты. Германиядағы Еуропалық ғарыш операциялары орталығының мамандары сағат 12:28–де спутниктен алғашқы сигналды қабылдап, оның орбитаға сәтті шыққанын және жоспарға сай жұмыс істей бастағанын растады. Алдағы күндері спутниктің жүйелерін тексеру мен сынау жұмыстары жүргізіледі. Бұл кезеңде 12 метрлік тор рефлекторы мен 7,5 метрлік тіреуіш сәуле ашылады.

Бұл миссия — Жер экожүйелерін зерттеуге арналған ғарыштық жобалардағы маңызды кезең. Biomass спутнигі P-диапазондағы синтезделген апертуралы радармен жабдықталған. Ол ормандардағы ағаш діңдері, бұтақтары және басқа да бөліктерінде сақталған көміртек мөлшерін, яғни ағаш биомасса көлемін өлшеуге мүмкіндік береді. Бұл деректер орман көміртек қорларын дәл есептеуде аса маңызды.

ESA-ның Жерді қашықтан зондтау бағдарламасының директоры Симонетта Чели спутник жобасына атсалысқан барлық маманға алғысын білдіріп, миссияның ғылым үшін маңызын атап өтті.

 — Енді Biomass миссиясы Жер туралы білімімізді кеңейтетін аса құнды зерттеулер тобының бір бөлігіне айналды. Ол әлем ормандарында сақталған көміртек мөлшері жөнінде бірегей деректер береді. Бұл бізге көміртек айналымы мен климат жүйесін тереңірек түсінуге көмектеседі, — деді ол.

Орман атмосферадан жыл сайын шамамен 8 миллиард тонна көмірқышқыл газын сіңіріп, климаттық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады. Алайда орманды кесу, өртеу және жерді пайдалану өзгерістері, әсіресе тропиктік аймақтарда, атмосфераға көміртектің бөлінуін күшейтеді, бұл климаттың өзгеруіне себепші фактор.

Қазіргі уақытта ормандарда қанша көміртек жиналғаны және бұл қор қалай өзгеріп жатқаны туралы нақты деректер өте аз. Бұған климаттық өзгерістер, CO₂ концентрациясының артуы және адамның әсері (орман кесу) себеп. Biomass спутнигі осындай белгісіздіктерді азайтып, орман экожүйелеріндегі өзгерістерді дәл есептеуге көмектеседі.

Оның радары орман жапырақтарынан өтетін қабілетке ие, бұл ормандардың биомассасы мен биіктігі туралы нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл деректер орманның азайып кетуіне, биоалуантүрлілікке әсері және климаттық процестерге ықпалы жөнінде түсінігімізді тереңдетеді. Сонымен қатар, спутник геологиялық құрылымдарды картаға түсіру, орман бедерін зерттеу, мұз жамылғылары мен шөл экожүйелеріндегі өзгерістерді бақылау үшін де қолданылады.

Biomass спутнигі Airbus UK жетекшілігімен, 50-ден астам компания қатысқан халықаралық жобаның аясында жасалды. 

Айта кетелік Шығыс Қазақстан ормандарын өрттен «ақылды мұнаралар» қорғайтыны туралы жазған едік