Кездесудің негізгі отырысы Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың басымдықтарына арналды. Е.Қошанов өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты мәселенің бірі екеніне назар аударып, Қазақстан парламентшілері аймақтағы тұрақтылықты сақтауға бар күш-жігерін салып жатқанын айтты.
Ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері қатарында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған орта мен биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын, соның ішінде трансшекаралық ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғау болуға тиіс, – деді палата спикері.
Мәжіліс төрағасы қазірдің өзінде Орталық Азия тұрғындары Арал теңізінің экологиялық апатының, мұздықтардың еруі және жердің тозуының теріс әсерін сезініп отырғанын атап өтті. Осы орайда Ерлан Қошанов корейлік жетекші мамандармен тәжірибе алмасуға шақырды.
Талқылау арнаулы екі сессияда әрі қарай жалғасын тапты. Қатысушылар Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы үздіксіз өңірлік экономикалық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен цифрлық трансформация саласындағы қарым-қатынас туралы пікір алмасты. Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының бастамасымен жуырдағы Жолдауында айтылған жаңа экономикалық модельді іске асыруға Қазақстан кіріскенін атап өтті. Мұнда біздің еліміз Корея Республикасымен инновация, жасыл технологиялар, энергетика, өнеркәсіп өндірісі, IT және банк секторындағы ынтымақтастықтың зор перспективаларын аңғарып отыр.
Сөз соңында Ерлан Қошанов қазіргі уақытта Орталық Азия өңірінде экономика, саясат және мәдени байланыстар қарқынды дамып жатқанына назар аударды. Мұның бәрі Корея Республикасымен өңірлік ықпалдастықты арттыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Іс-шара қорытындысы бойынша «Болашаққа бағдарланған өзара тиімді қатынастарды дамыту» тақырыбындағы алғашқы кездесудің бірлескен декларациясы қабылданды.