Жерге тастаған қоқыс өзімізге ауру болып жабысатынын түсінуіміз керек - экобелсенді
«Экологиялық білім әр отбасынан басталуы тиіс. Балаға табиғат пен туған жеріне деген қамқорлығын, аяушылығын үйіндегі ата-әжесі, әкесі мен шешесі оятуы керек. Ол кісілердің өзі білімді болғаны абзал. Ата-бабаларымыздан қалған жерге немқұрайлы қарауға болмайды. Жерге тастаған қоқыс – өзімізге ауру болып жабысатынын түсінуіміз керек», - деді Әсем Омар ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның келтірген дерегіне сенсек, қазіргі уақытта әлем бойынша қайтыс болатын адамның әрбір алтыншысы ауаның ластануы салдарынан өмірімен қоштасуда. Дүние жүзіндегі теңіздер мен мұхиттарға 15 миллиард тоннадан астам қоқыс тасталып, бұдан адамдар да, жан-жануарлар да зардап шегіп жатыр.
«Міне, сол себепті біз ең алдымен экологиялық білімді адамдардың санасына сіңіруіміз керек. Қоқыс тастама, суды ластама, орманға бардың ба, от жақ па деген сыңайдағы мәселелер төңірегінде үгіт-насихат жұмыстары тоқтамай жүргізілуі керек», - деді ол.
Еске сала кетсек бұған дейін Әсем Омар экология мәселелері төңірегінде ҚазАқпарат агенттігіне сұхбат берген еді.