«ЖЭО-ының жұмысына өрттің зияны тиген жоқ. Ыстық сумен жабдықтау тоқтатылмайды. Нысан штаттық тәртіппен жұмыс істей береді. Өрттің салдарынан зардап шеккендер жоқ», - деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев.
Бүгін хабарланғанындай, сағат 11-00-дер шамасында Өскеменнің өндіріс алаңы аймағында өрт шыққан. Кейіннен ЖЭО-ының қоршау ғимаратының төбесі (суды салқындатуға арналған құрылғы) жанып кеткендігі анықталды.
Қала әкімінің орынбасары Е.Қоңырбаевтың мәлімдеуінше, салқындату жүйесінде пластикалық бөлшектер басым. Қалалықтар аңғарған қара түтін сол бөлшектердің өртенуінен шыққан.
«Қала тұрғындары мен кәсіпорын жұмысшыларына төнген қауіп, сондай-ақ қоршаған ортаға ықпал ететін жағымсыз факторлар жоқ. Сағат 12-00-ге қарай өрт сөндірілді, алайда арнайы техникалық талаптар бойынша өртке қарсы жұмыстар жалғасып жатыр», - деп түсіндірді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев.
Қазіргі уақытта көлік қозғалысы қалпына келтірілді. Өрттің шығу себебін анықтауға арналған комиссия құрылды. Жағдай облыстық әкімдік бақылауына алынды.
Өз кезегінде «Өскемен ЖЭО» ЖШС-інің қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Юлия Антонова өрттің сөндірілгендігін жеткізді. Станса штаттық тәртіпте жұмыс жасап жатыр, тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен жабдықтау жалғасуда. Өрттің салдарынан зардап шеккендер жоқ.