Жергілікті бюджеттен қосымша әлеуметтік көмектің 18 түрі төленіп келеді - Қ.Көшербаев
20:11, 26 Қаңтар 2009
АҚТАУ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Үкімет басшысының жұмыс сапары кезінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтандыру бағдарламасымен таныстырған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев әлеуметтік салаға баса тоқталды.
Қазіргі таңда халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын демеу мақсатында заңмен белгіленген жәрдемақылардан бөлек, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша әлеуметтік көмектің 18 түрі төленіп келеді, осы тәжірибе алда да жалғаса береді, оның ішінде нан бағасының қымбаттауына байланысты берілетін көмек те бар. Тұрғын үй көмегін алушы адамдар құрамы 2 есе, 7 мыңнан 13 мың адамға дейін ұлғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Бастауыш сыныптарда оқитын оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Алғашқы кезекте ? бірінші сынып оқушылары (9 мың бала) қамтамасыз етіледі. Бұған дейін ыстық тамақпен тұрмысы төмен отбасылардың балалары және ата-ананың қамқорынсыз қалған оқушылар ғана қамылып келді. 2008 жылдың қорытындысы бойынша мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен жоғары болды (облыста ? 34, республикада ? 32%). Биылғы жылы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуді арттыру мақсатында 16 балабақшаны (3200 орын) іске қосу жоспарланды, оның 9-ы жаңадан салынады», деді облыс әкімі. Бір айта кетерлігі, 2006 жылдан бері облыста халыққа көрсетілетін коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауына жол берілмей келеді. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп»-мен алдағы 5 жылда халық тұтынатын электр қуаты, тұщытылған су және жылудың тарифтерін қымбаттатпау туралы келісімге қол жеткізілді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуы жоспарланған барлық жобалар қажетті қаражатпен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру саясатын жалғастырылады. Кен игеруші компаниялардың облыстың әлеуметтік дамуына бөлетін қаражаты ұлғайтылады. Қазір тиісті келіссөздер жүргізілуде.