Жергілікті халықты жайылыммен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет – Премьер-Министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл жергілікті халықты жайылыммен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент 2022-ші жылғы 1 мамырға дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті көлемін бекіту міндетін белгіледі. Тапсырманы іске асыру өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, ғылыми негізделген тәсілді талап етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жылғы 1-ші сәуірге дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті көлемін бекіту бойынша негізгі тәсілдерді ұсынсын», - деді ол.

Әлихан Смайылов Президент ауыл халқын жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін көтергенін атап өтті.

«Үкімет әкімдермен бірлесіп, тиісті жұмыс тобын құрды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде елді мекендердегі жайылымдық жерлердің тапшылығы азайды. Бұл жұмысты Бас прокуратураның деректерін ескере отырып әрі қарай жалғастыру керек және осы жылдың соңына дейін жергілікті халықты жайылыммен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы жаңа Су кодексін қабылдау міндетін қойғанын атап өтті.

«Экология министрлігіне елдің су қорын сақтауды қамтамасыз ететін мемлекеттік су саясатын іске асыру бойынша негізгі тәсілдерді бір апта ішінде Үкіметке енгізуді тапсырамын»,- деді Әлихан Смайылов.