Жергілікті кәсіпкер жел қондырғысын жасап шығармақшы - БҚО

None
ОРАЛ. 6 наурыз. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық кәсіпкер Біржан Жанғалиев басқаратын «Запад Энерго Пром» ЖШС жел генераторын жасап шығармақшы.

Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясында баламалы энергия қуатын өндіруді біртіндеп арттырудың, оған қаржы салудың маңызын атап көрсеткен болатын. Аталмыш кәсіпкердің ұстанып отырған бағыт-бағдары, мақсаты осыған сай келеді.

Зеленов ауданында туып-өскен ол өз жұмысын Еуропаның, АҚШ-тың, Қытайдың және өзге де шетелдердің электр техникалық тауарларын, есептегіш аспаптарын, мұнайгаз жабдықтарын сатудан бастаған. Бүгінде «Запад Энерго Пром» ЖШС - әлемге танымал немістің Finder, Hummel, шведтің ABB сықылды мүйізі қарағайдай бірқатар компаниясының еліміздегі ресми өкілі. Б.Жанғалиев «Алгоритм» технопаркінің маңынан шағын цех ашты. Қазір компания жүк тасымалына арналған тіркеме техника, генератор түрлерін, дәнекерлегіш аппараттарды, жарықтандырғыш құралдарды құрастырып, шығаруға әбден маманданды. Тәжірибе жинақтаған компания келешекте төтенше жағдайлар желісіне қажетті жеңіл техника өндірісіне ден қойып, машина жасау саласына бет бұрмақ.

- Қызмет бабымен түрлі елдерде жиі боламын. Жоғары технологиялы құрал-жабдықтар шығаратын Ресейдің, Финляндияның ғалымдары мен конструкторларымен жүздесіп, тәжірибе алмасып тұрамыз. Негізі өнімді нөлден бастап шығару қиын, оған қомақты қаржы керек. Жел электр стансасының жүйесі әмбеге баяғыдан таныс, ал біздің қондырғымыз өзгешелеу болады. Қондырғыны сынақтан өткізуді бастадық. Маусым айында дайын болады. Күн жарығынан қуат өндіретін жобамыз да бар. Мемлекеттің қуат үнемдейтін қондырғыны енгізуге кеткен шығынның бір бөлігін субсидиялау мәселесін көтеріп отырғаны қуантады. Бүкіл ауылды жарықпен қамтитын үлкен станса емес, жекелеген үйді жарықтандыруға әлі келетін шағын күн тақтайшаларын шығарамыз. Бүгінде оның қажетті кейбір бөлшектері сырттан әкелініп, наурыз айында үлгілік түрі сыналады. Қалада пәтерінде электр шамы барларға емес, айдалада жарықсыз отырған малшы ағайындарға пайдасы тиетін жоба бұл. Әр үйді бөлек қамтитын қуаты сағатына 14 кВт-қа дейінгі газ генераторы жобасын іске асырмақпыз. Ауылдағы бір көшені жарықтандыратын генератор түрі де құрастырылады. Мысалға, шалғайдағы Жәнібек ауданын алайық. Ауданның тұрғындары электр қуатын Ресейден қымбатқа алады. Ал мына генератордың көмегімен жарықтандыруға кететін шығынды азайтуға болады. Мұндай қондырғылар шағын өндіріс орындарында пайдалануға тиімді. Өйткені есік, терезе жасайтын, нан пісіретін шағын кәсіпорындарға күндізгі электр қуатының төлемі қымбатқа шығады, - дейді Біржан Маратұлы.

Облыста электр жарығы жоқ 400-дің шамасында алыс мал бағатын нүкте мен 164 елді мекен барын ескергенде, кәсіпкер инвестициялаған жел двигателінің сұранысқа ие болатыны күмәнсіз.

Нарыққа Қытай ұсынып отырған жел қондырғысына қарағанда, Біржанның жел қондырғысы тымық күндері де секундына 2-2,5 метрлік желмен жұмыс істесе, күн нұрынан қуат өндіретін тақтайшасы күннің бұлыңғыр кезінде, күндізгі жарықтан қуат өндіре береді екен. Соған орай күн тақтайшасының бағасы бір миллион теңге, ал, сағатына 1-2 киловатт электр қуатын өндіретін жел двигателінің бағасы 800 мың теңге шамасында.

Алдағы уақытта үлкен жел қондырғыларын құрастыру жоспарланған. Алғыр жігіт сол жобамен «ЭКСПО - 2017» көрмесіне қатысуды армандайды. Арманына қол жеткізу үшін жобаға қаржы құятын инвестор тауып, бөлшектерді шығаратын серіктес зауыттармен келісуі керек.

Мамандығы қаржыгер Біржан Жанғалиев венчурлық қызметпен індете шұғылданып жүр. Қызықты жобаларды тауып, соған қаржы салады. Жоба бойынша үлгілік түрін шығарып, жетілдіреді, жаппай өндіріске қояды. Жоба өзін ақтауы үшін ұзақ күтуге тура келеді. Қазір 10 шақты жоба қарастырылуда. Тек өңірдегі өнертапқыштардың өнертабыстарымен шектелмей, өзге елдердегі озық жоба, инженерлік идеяларға құлағы түрік. Украиндық автордың Н-1 ұңғыманы тазалау қондырғысы идеясына «құда түсіп», оны іске асырды. Жаңа қондырғымен ұңғыманы тазалау қауіпсіз әрі шығынды көп қажет етпейді деседі. Бұрынғы әдіспен ұңғыманы тазарту жұмыстары шамамен 60 млн. теңгеге шығады, оралдық жабдық оны төрт есе арзанға, 16 млн. теңгеге тазалайды. Қондырғы Украинада сынақтан өтіп, жақсы нәтиже көрсеткен. Жазға салым Ақтау жағындағы бір компания жабдықты пайдалану қызметіне тапсырыс берген.

Компания немістермен бірге химиялық реагенттерден металлургия саласына қажетті қоспа шығару жобасын қолға алды. Қоспаның күшімен металды, тау жынысын кеседі. Қазақстанда мұндай өндіріс жоқ, Ресейде бір зауыт салынуда. Еліміздегі Акселор Миттал, Донской, Жәйрем кен байыту комбинаттары үшін қажетті өндіріс. «Биыл Орал қаласының Самара бағытындағы күре жол ауданынан жер телімін алып, цехтар саламыз. Сонда шағын өндіріс орнын іске қосамыз. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары жұмысқа тартылады. Одан басқа арнайы техника құрастыру цехы іске қосылып, онда 80 жаңа жұмыс орны ашылады. Немістер, финдер келіп, жергілікті кадрларымызды өздері үйретіп, оқытады», - дейді кәсіпкер.