«Өңірлердің орталықпен ішкі көліктік байланысын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті автожолдар желісін дамыту жалғасып келеді. Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды, сондай-ақ көше-жол желісін дамыту, жөндеу және күтіп ұстау жергілікті атқарушы органдардың қарауында болады. Бүгінгі таңда жергілікті маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы – 71 мың шақырым. Қазіргі таңда жолдардың 80 пайызы (56 мың шақырым) нормативтік жағдайға сай келеді», - деді Қ. Өскенбаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың алдында негізгі стратегиялық міндет тұр. Атап айтқанда, 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызын нормативтік жағдайға келтіру қажет.
«Қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар 2025 жылға дейін кемінде 14 мың шақырым жолда құрылыс пен жөндеуді қамтамасыз етуі тиіс. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті желі автожолдарының 85 пайызына дейін нормативтік жағдайға сәйкес жеткізу жоспарланып отыр. Бюджет кодексіне сәйкес, министрлік жергілікті желі жолдарын дамытуға трансферттерді тепе-тең негізде бөледі», - деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, 2022 жылы жергілікті маңызы бар жолдарды салуға және реконструкциялауға 372,3 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 4,6 мың шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарының шамамен 70 пайызы орындалды.
«Жалпы, жергілікті желінің жол жобаларын қаржыландыру тепе-тең негізде, яғни республикалық бюджеттен 50 пайыздық, жергілікті бюджеттен 50 пайыздық негізде жүзеге асырылады», - деді министр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2025 жылы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 100 пайызға дейін жеткізілмек.