14:01, 10 Сәуір 2009
Жергілікті маңызы бар жолдардың 17,8 мың шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді - комиссия отырысы
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдайға қарағанда, жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 70,3 мың шақырымды құрайды.
Бұл туралы бүгін Астанада ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауылдық аумақтар істері жөніндегі комитет төрағасы Санат Тұңғышбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған жергілікті жолдың 17,8 мың шақырымы күрделі жөндеуді, 23,1 мың шақырымы орташа жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін 717,1 миллиард теңге қажет. Іс жүзінде бұл бағытта 2008 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 21,6 миллиард теңге бөлініп, игерілген. Ал бұл көрсеткіш жалпы қажеттіліктің 3 пайызын ғана құрайды.
Санат Тұңғышбековтың айтуынша, жергілікті маңызы бар жолдардың жағдайы жыл өткен сайын нашарлай түсуде. Мәселен, бүгінде 2005 ауылдың аудан орталығына дейінгі жолдары қанағаттанғысыз жағдайда, 174 ауылдың ауданға дейінгі жолдарында қатты төсемді жабын жоқ.