«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тапсырды. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу тәсілдерін пысықтаған болатын. Заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттік процесс пен коммуналдық меншікті басқарудағы өкілеттіктерін кеңейту көзделген»,-деді Тимур Сүлейменов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндамасында.
Атап айтқанда, заң жобасымен Бюджет, Салық және Азаматтық кодекстерге, «Мемлекеттік мүлік туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.
«Еліміздің бюджет жүйесінің 3 деңгейден тұратыны өздеріңізге белгілі. Ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет жоқ. Олар шамамен 2,5 мың әкімшілік бірлікті құрайды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті халық саны 2 мың адамнан астам ауылдық округ деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4-ші деңгейі ретінде енгізілетін болады»,-деп нақтылады министр.
Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс көздері біріншіден салықтық түсімдерден тұрады: төлем көзінен салық салынбайтын кірістерден алынатын жеке табыс салығы; жеке тұлғаларға салынатын мүлік салығы; жеке және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы; елді мекендердің жерлері үшін жеке және заңды тұлғалардан алынатын жер салығы; аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің аумақтары арқылы өтетін автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін алынатын төлемақы.
Ал салықтық емес түсімдерде мемлекеттік мүлікті мүліктік жалға (жалдауға) беруден түсетін кірістер; коммуналдық меншікті сатудан түсетін кірістер; жеке және заңды тұлғалардың ерікті түрдегі алымдары; әкімдердің «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін өндіріп алатын айыппұлдар қамтылған.
Оның сөзінше, ауылдық округ әкімінің аппараты жергілікті қоғамның жиналысында міндетті түрде талқыланып, келісілетін жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджет жобасын әзірлейді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджетін аудандық мәслихат бекітетін болады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджетін атқару ауылдық округ әкімі мен оның аппаратына жүктеледі. Осылайша, жергілікті қоғамдастықтың мүдделерін ескере отырып, бюджет шығыстарын жоспарлауға мүмкіндік беретін тетіктер көзделген.