Жергілікті полиция қызметінің құзыреті заңмен айқындалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті полиция қызметі жергілікті атқарушы органға есепті болады. Қолданыстағы заңдарға осындай түзетулер енгізіледі. Нақтырақ айтқанда, осы күндері «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаттары талқылау үстінде.

Бұл заң жобасы Елбасы ұсынған Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамның 30 және 31-қадамдарын орындау үшін әзірленген.

Сол сияқты заң жобасында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі және аумақтық ішкі істер органдары жанындағы Қоғамдық кеңестердің қызметі полиция қызметі жұмысының ашықтығына және азаматтардың сенімділік деңгейін арттыруға ықпал ететіні атап көрсетілген.

Жергілікті полиция қызметінің құзыретіне құқық бұзушылықтардың профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша іс жүргізу, қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жатқызылатын болады. Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Қайырбек Сүлейменов бұл заң жобасының жергілікті жердегі полиция қызметкерлері үшін маңыздылығын атап өтті.

Осы заң жобасы арқылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және алты заңға түзетулер енгізіліп отыр.