Жергілікті жолдарды жөндеуге жыл сайын 150 млрд теңге бөлінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті жолдарды  жөндеуге жыл сайын 150 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру аясында автожолдарды салуға бөлінетін қаржының тиімділігі мен ашықтығын бақылауды күшейтеміз. Биыл республикалық маңызы бар 4 мың шақырымнан астам жолды және жергілікті желідегі 2,5 мың шақырым жолды қайта құрылымдаймыз»,-  деді ол.

Сонымен қатар, министр өңірлік мобильділікті жетілдіріп, жергілікті желідегі жолдардың сапасын арттыру үшін облыстық әкімдіктермен бірлесе отырып, республикалық және жергілікті бюджеттен жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды 60 млрд теңгеге арттыру мәселесі қаралғанын айтты.

Жалпы орта мерзімді уақытта жергілікті желіні дамытуға жыл сайын 150 млрд теңгеге дейін қаржы бөлу жоспарланып отыр. Ол жыл сайын 4500-5000 шақырымға дейінгі жергілікті деңгейдегі жолдарды жөндеуге және Мемлекет басшысы алдымызға қойған тапсырмаларды  орындауға мүмкіндік береді», - деді Жеңіс Қасымбек.