Kozybayev University баспасөз қызметінің мәліметінше, университет ғалымдары «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының мамандарымен кездесіп, ғылыми әзірлемені таныстырды. Талқылауға Kozybayev University басшылығы мен ғалымдар, әкімдік өкілдері, жол кәсіпорындарының мамандары қатысты.
«Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі Юлия Бызованың айтуынша, асфальтбетон қоспасының құрамына пайдаланылған АГ-4И герметигін қосу қажет. Оның құрамдас бөлігі жол жамылғысының беріктігін, суға төзімділігін және ұзақ мерзімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу нәтижесінде тараптар технологияны тәжірибелік сынақтан өткізуге уағдаласты. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Талғат Смағұловтың айтуынша, модификацияланған асфальтбетон қоспасын төсеу үшін автомобиль жолының тәжірибелік учаскесін анықтап, бөлуге дайын.
Қажетті зертханалық сынақтар Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы облыстық филиалының мүмкіндіктері шегінде тегін жүргізіледі. Келесі кезеңде зертханалық зерттеулер жүргізіліп, асфальтбетон қоспасы тәжірибелік учаскеге төселеді. Одан кейін жол жамылғысының жағдайына мониторинг жүргізіліп, технологияның нақты пайдалану жағдайларындағы тиімділігі бағаланбақ.
Бұған дейін Маңғыстауда соңғы жол учаскелерінің бірі жөнделіп жатқанын жазған едік.