«Жергілікті полиция қызметі» деген ұғым жойылады – Мәжіліс

Фото: Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылым мақұлданды.

Заң жобасы «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі № 872 Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленді. Оған сәйкес ҚР Үкіметіне нормалардың заңнама жағынан шамадан тыс регламенттелуіне жол бермеу тұрғысынан заңнамалық актілерге ревизия жүргізу тапсырылды.

- Заң жобасы аясында 16 заңға өзгеріс енгізу қарастырылған. Атап айтқанда, тиісті саланы реттеу жөніндегі негізгі мақсаттар мен міндеттерді, құзырет қағидаттарын және өкілеттіктерін белгілеу қамтылған. Алқалы шешім қабылдауды талап ететін және ведомстваралық сипаттағы мәселелер бойынша Үкіметтің құзыретін айқындау ескерілген. Ішкі істер органдарының нормативтік-құқықтық қабылдау бойынша жалпы құзыретін айқындау қарастырылған. Сонымен қатар, бірқатар нақтылайтын функцияларды заңдардан алып тастап, оларды заңға тәуелді актілердің деңгейінде бекіту ұсынылады, - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, заң жобасында 16 заңға оларды жетілдіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілген.

«Құқықтық актілер туралы» Заңға сәйкес заңнамалық актілерден туындайтын заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді Үкімет мемлекеттік органдар туралы ережелерде айқындайды, бұл заңдарды артық нормалардан «арылтуға» және заңға тәуелді актілер деңгейінде елде туындайтын өзгерістерге оларды нормативтік тұрғыдан реттеу бөлігіндегі жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, нақтылау сипатындағы түзетулер көзделеді. Атап айтқанда, мыналар ұсынылады:

- әкімшілік қамауға алынатын адамдарды қабылдау-бөлу орындарында ұстау тәртібін айқындау;

– «жергілікті полиция қызметі» (ЖПҚ) деген ұғымды алып тастау.

- Жалпы, тәжірибе көрсеткендей, ЖПҚ-ны өзгерту және құру өзін-өзі ақтамады. «Ішкі істер органдары туралы» Заңымен бекітілген қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тікелей міндеттерді орындау екінші кезекке қойылды, өйткені жергілікті атқарушы органдар ЖПҚ үшін абаттандыру қағидаларын бұзғандарды анықтау, құрылыс объектілерінен қалдықтарды шығару және тағы басқалары сияқты өзге де міндеттерді айқындай бастады. Осылайша, ішкі істер органдарының негізгі міндеттерін іске асыруға бағытталған жалпы әкімшілік полицияның функциялары мен өкілеттіктерін сәйкестендіру талап етіледі, - делінген Мәжіліс комитетінің мәліметінде.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, жергілікті полиция қызметін қысқарту - заң жобасындағы негізгі норманың бірі.

- Уәкілетті органның пікірінше, оны құру – күтілетін нәтижеге сай келмеді. Жергілікті полиция қызметі жергілікті қауымдастықтың полиция жұмысына деген сенімінің артуын қамтамасыз ету керек еді. Алайда, бірқатар себеппен 2018 жылдан бастап кезең-кезеңімен бірнеше қайта құру жүргізілді. Мысалы, әкімдерге жергілікті полиция қызметінің басшыларын тағайындау жөніндегі функцияны беру дара басшылық қағидатының бұзылуына және полиция департаменттері мен жергілікті полиция қызметінің басшылары арасындағы келіспеушілікке алып келді. Учаскелік инспектордың алдына бірінші кезекте қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттер қойылды, нәтижесінде оның халықпен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі негізгі функциялары екінші орында қалды. Осыған орай, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі екі басқарма құра отырып, аталған қызметті қайта ұйымдастыру ұсынылады, - деді депутат.

Еске салсақ, 2016 жылдың 1 қаңтарынан елімізде жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастады.