Құтқарылған адамдар аралға түн ортасына дейін жеткізілген. Жоғалған баланың анасы медициналық пунктте дәрігерлердің бақылауында. Қызыл Крест мамандары оған психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
Осы уақытта Сицилия аралының жағалауында тағы бір құтқару операциясы жүргізілді. Поццалло портына шамамен 250 шақырым жерде ашық теңізде 55 мигрант мінген шағын балық аулау кемесі табылған. Кеме теңізде бағытынан адасып, қалқып жүрген.
Қайықты табуға Mayday дабылы, Еуропалық шекара және жағалау күзеті агенттігінің (Frontex) ұшағы мен Италия Қаржы гвардиясының тікұшағы көмектескен.
Құтқару жұмыстары ауа райының қолайсыздығына қарамастан түні бойы жалғасты. Мамандар көріну қашықтығы нашар әрі теңіз толқыны қатты жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болды. Операцияға сауда кемелері де қосылып, Италия Әскери-теңіз күштерінің кемесі қолдау көрсетті.
Нәтижесінде 55 адамның барлығы құтқарылды. Алдын ала мәлімет бойынша олардың жағдайы қанағаттанарлық. Мигранттарды Поццалло портына бірнеше сағат ішінде жеткізу жоспарланған.
Ал Лампедуза аралы маңындағы кеме апатынан кейін жоғалған қыз баланың тағдыры әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Үндістан әскері Сомали жағалауында қарақшылар басып алған кемеден 20 теңізшіні құтқарды.