Жерүсті және жерасты суы туралы деректерді біріктіретін жүйе әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Жерүсті және жерасты суы туралы деректерді біріктіретін Ұлттық ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Бұл туралы жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.
- Былтыр жерасты суының әлеуетін толық пайдалану мақсатында жерасты суын барлау, зерттеу және игеру мәселелерімен айналысатын Ұлттық гидрогеологиялық қызмет қайта құрылды.
Бүгінгі күні Қазақстанның жерасты суының барланған қорларының жалпы көлемі тәулігіне 43,2 млн текше метр деп бағаланады. Бұл оларды стратегиялық ресурсқа айналдырады, - деді министр.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының су ресурстарын цифрлық платформа арқылы басқару жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында министрлік жерүсті және жерасты суы туралы деректерді біріктіретін Ұлттық ақпараттық жүйені әзірлеп жатқанын айтты.
- Платформа спутниктік мониторинг, гидробекеттер, жедел есептілік, ведомстволық статистика және есептеу құрылғыларының мәліметтерін біріктіреді. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, - деді Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, Түркістан облысында жаңа екі су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын.