Таңсәріден фестиваль қатысушылары Балқаш көлінің жағалауын тазалауға шықты.
Экологиялық акцияға қазақстандық еріктілермен қатар жеті елден келген қонақтар да белсенді қатысты. Бірлесе атқарылған жұмыс нәтижесінде олар 30-дан астам қап қоқыс жинап, көл жағалауын тазартты.
Экологиялық шара «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама заманауи туризмнің тек демалыс пен саяхат қана емес, сонымен бірге барған жеріңнің табиғатына деген жауапкершілік екенін тағы бір мәрте көрсетті.
— Таңертең ерте экологиялық сенбілікке шықтық. Бізбен бірге шетелдік волонтерлер де тазалық жұмыстарына атсалысты. Нәтижесінде 30-дан астам қап қоқыс жиналды. Қатысқанымыз үшін фестивальдің естелік сыйлықтарын алдық, — деді Қарағанды қаласынан келген волонтер Дінмұхаммед Мұқанғали.
Оның айтуынша, мұндай шаралар әр елдің жастарын біріктіріп, ортақ игі істер арқылы жаңа достар мен пікірлес адамдар табуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Balkhash Tour Fest фестивалінің екінші күні көл жағалауында жүздеген қатысушыны жинады. Шараға Балқашпен танысып қана қоймай, оның бірегей табиғатын сақтауға өз үлесін қосуға ниетті жеті елдің волонтерлері қатысып жатыр.