- Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың және олардың ата-аналарының әрекеттері Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады. Бұдан бөлек, тергеу барысында оқу орны әкімшілігінің іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады, - деп мәлімдеді өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатынын жеткізді.
Ал облыстық білім беру басқармасы мектеп педагогы пен мектеп әкімшілігіне қатысты шешім тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қабылданатынын хабарлады.
- Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде. Мектепке тыйым салынған заттарды алып кіру дерегі бойынша заңды өкілдерге қатысты тексеру жұмыстары атқарылып жатыр. Зардап шеккендер дер кезінде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастардың жағдайы ауыр емес, - делінген басқарманың ресми ақпарында.
Еске сала кетейік, Павлодарда дене шынықтыру сабағы кезінде 7 оқушы күйіп қалды.