Жеті өңірде орман өрті шығу қаупі жоғары – Экология министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің 7 облысында қарағайлы ормандарда өрт шығу қаупі жоғары.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесов мәлім етті.
— Солтүстік Қазақстан облысындағы қайыңды жапырақты орман жанғанда, от тек төменнен тарайды, жоғарыға өтпейді. Сондықтан мұндай өрт орман қоры үшін аса қауіп тудырмайды. Ал қарағайлы, қылқан жапырақты ормандағы өрт, біраз аумақты шарпуы мүмкін, бұл орманның жойылуына әкелетін қауіп, — деді Мақсат Елемесов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, қазір 7 облыста табиғи өрт қаупі жоғары.
Сондай-ақ министрлік өкілінің мәлімдеуінше, еліміздің орман қоры өрт қаупі бар аймақта орналасқан. Ең үлкен қауіп туғызатын — қылқан жапырақты ормандар, себебі ол жерде оттың өршуі оңай жүреді.
— Бүгінде шамамен 7 облыста, атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Алматы және Қарағанды облысы өрт қаупі жоғары аймақ болып отыр. Барлығы да қарағайлы орман алқабы бар өңірлер, — деді Мақсат Елемесов.
Бұған дейін Семей орманындағы алапат өрттен кейін қорғау жүйесі қалай күшейтілгені туралы жазған едік.