Жеті жылда датчиктер 219 адамның өмірін құтқарып қалды

2016 жылдан бері газ концентрациясын анықтайтын 193 мың датчик орнатылды. Нәтижесінде олар 219 адамның қаза болуына жол бермеді. Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов осылай мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: Pixabay

«Газ бен жанғыш заттардың қауіпті концентрациясын анықтайтын датчик орнату тиімді тәжірибеге айналды. 2016 жылдан бері шамамен 193 мың датчик орнатылды. Осы тәжірибені енгізгеннен бастап олар 49 қауіпті жағдайды анықтады. Нәтижесінде 219 адам аман қалды. Бұл ретте халықтың өз қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтынын атап өту қажет. Мысалы, биыл 10 мыңнан астам үйдің тұрғындары профилактикалық консультациядан бас тартты. Осыған байланысты біз әлеуметтік желілер, үй чаттары мен білім беру ұйымдары арқылы «Мектеп-бала-ата-ана» науқанын жүргізіп, отбасыларға өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын кедергісіз енгізіп жатырмыз», - деп тоқталды Сырым Шәріпханов.

Сонымен бірге ол жыл басынан бері тұрғын үй секторында болған өрттен 203 адам қаза тапқанын айтты.

Бұған қоса биыл жатақханадан шығатын өрттер азайған.