Жеті қазынамыздың бірі құмай тазының болашағы не болмақ?

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы маңында орналасқан «Балқарағай» демалыс кешенінде қазақ құмай тазыларының республикалық байқауы болып өтті.

Қазақ құмай тазыларының осы республикалық байқауынан бір күн бұрын арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылған болатын. Оған «Қансонардың» басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы Бекболат Тілеухан және басқа да зерттеуші мамандар қатысты. Осы бас қосуда 17 қыркүйек күні Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің бұйрығымен тазы мен төбет иттің стандарттары бекітілгені жария етілді. Ұлт жанашырларының жанайқайы еленіп, тарихи-мәдени мұра ретінде бағаланатын ұлттық құндылықтарымыздың бөтеннің меншігіне айналып кетуінің жолы кесілді. Заңмен қорғалатын болды. Енді елімізде қазақ халқы жеті қазынаның біріне балаған асыл тұқымды иттерді дамытуға айрықша көңіл бөлінбек.

Дөңгелек үстел талқысында қайсысы шын асыл тұқымды ит екенін саралауға келгенде біраз талас туындады. «Зоология институтының» ғылыми қызметкері Константин Плахов төбет пен тазының алғашқы стандарттары 1925 жылы бекітілгенін, 1959 жылы стандарттар қайта қабылданғанын көлденең тартты. Оның ойынша, бұл Кеңес үкіметінің стандарттары ескірген, Көп нәрсе өзгерді, көп қан араласты, сондықтан иттердің бұл тұқымы тозды деп отыр. «Сондықтан стандарттарды жасағанда қазақ халқында сақталған критерийлерді пайдаландық. Тазы - жүйрік, қуып жеткен аңын өлтіре алатын азулы, ұсақ аңды тістеп өзі алып келетін ақылды, тағы сондай қасиеттері болуы керек. Бұлардың барлығы құмай тазының стандарттарын алғаш айналымға түсірген А.Слудскийдің еңбегінде де жазылған. Біз соны да негіз еттік», - дейді Константин Плахов. Деседе, зерттеушілердің біразы бұл ит тұқымы азды деген пікірмен келіспейтіндіктерін білдірді. Асылды алыстан тани білген қазақ халқы иттің бұл тұқымдарын осы күнге дейін сақтап жеткізіп отыр. Мынау ғалымдарға жетіп жатқан ақпарат шамалы. Әйтпесе, ел ішінде әлі де асыл тұқымды ит асырайтындар аз емес, - деген уәж айтылды.

Кімнің иті нағыз асыл тұқымды болатындығын қандайда бір өлшеммен анықтап беру бұл таласта таразы басын басып бере алған жоқ. Бұл жерде әркім өз көзқарасын таңып, өз итін мақтауға дайын. Әйтседе, үкімет қабылдаған стандарттарға сай келетін иттер «Балқарағайда» өткен қазақ құмай тазыларының республикалық байқауында анықталды. Оған Қазақстанның барлық аумағынан тазы өсірумен айналысатындар толық қатысып отыр.

Қазақ құмай тазыларының республикалық байқауын ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдасығына қарасты «Құмай» федерациясы мен Республикалық «Қансонар» қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды. Іс-шара аясында тазы иттердің көрмесі, тазы иттердің жарысы, бүркіттердің бәсекесі, сонымен бірге, концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды. Осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыру арқылы қазақ халқының игілігі мен тарихи-мәдени мұрасының бір бөлігі болып табылатын қазақ тазысының шығу тегін анықтап, Қазақстан аумағынан тарағанын дәлелдеу және оны барынша таныстырып, насихаттай отырып сақтап қалу мақсат етіліп отыр.

Қазақ дәстүрлі тарихында аңшылықтың бір түрі ретінде тазы иттермен аң аулауды айрықша бағаланған. Ауқатты адамдар мен сал-серілер ермек етіп, көңіл көтеру мақсатында ит жүгіртіп, құс салса, ал, кей адамдар күнделікті тіршілігінің қамы үшін арнайы кәсіп етіп нанын тауып жеген. Сондықтан қазақтардың "Ит жақсысы - тазы" деп әспеттеуі бекер айтылмаса керек. Қазақ жерінде таралған тазының бірнеше түрі кезігеді. Мысалы, Самарқанның тазысы - аласа бойлы, бірақ мүше-мүшесі әсем де сүйкімді болған. Жем бойы мен Aтыpay бойындағы қазақтардың тазылары - табан жүні мен құлағындағы шашағының ұзындығымен ерекшеленеді. Ең соңында, Оңтүстік Сібір тазыларына келер болсақ, олар табанының сүйірленіп бітісімен, сондай-ақ өздерінің өте күштілігімен дараланады. бұлар Ертіс бойында таралған.

Қазақ даласындағы иттер туралы тарихи жазба деректер сақталған. Мысалы, Марко Поло жазбаларында моңғол императорларында аушы құстар мен басы қазандай, кесек тұлғалы иттер туралы тамсана жазады. Махмұд Қашғаридің "Диуани лұғат ат-түрік" сөздігінде (ХІғ.) "тайған" сөзін келтіріп, оған "тазы, алғыр ит" деген анықтама берді (Қашғари М., Түрік сөздігі, А., 1998, 3-том, 238-бет). Қырғыздар осы күнге дейін тазыны "тайған" деп атайды, ал, өзге түркілерде тазыны "тазы", "тази" деп атау қалыптасқан.

Қазақ тазыларының арасында қасқыр алатын күшті иттер де болған. Олар жалғыз жарым да екеулеп немесе тобымен жүріп, "ұтылап" аң алады, ал үйретілген болса аушы құспен де тізе қосып қимылдайды. Бұрындары ел арасында атағы шыққан мықты тазылар туралы қызықты әңгімелер ел аузында жиі айтылатын болған. 1910 жылдары Зайсан елінде Шәкен болыс деген адам Марқакөл жақтағы Қаратай елініде бір жылда жетпістен асқан түлкі, оннан астам қасқыр алған Сарытұйғын деген тазыға қызығып, өзінің немере інісі қайтыс болып, жесір қалған айттырылып қойған қызды қалыңсыз Сарытұйғын тазыға айырбастап жібергені айтылады. Бұдан біз сол кезеңдердегі қазақ қоғамында тазының алғыр, мықтысы аса қымбатқа бағаланатындығын аңғарамыз.

Тазы иттерді алғашқылардың бірі болып зерттеген А.Слудскийдің дерегі бойынша қазақтар тазыны қалыңдыққа берілетін құнға, яғни 47 байталға бағалаған. Жақсы тазының құны аттың құнынан да кем түспеген. Таза қанды тазылар Бөкей Ордасында сол кездегі ақшамен 50 сомға тең келген. Кейінде ел кедейленген кезде аң алатын иттің қарапайым күшігін бір құлынды биеге сатып алған жайлар кездескен.

Өз кезінде жүйрік аттармен қоса тазы иттер де ру мен ел арасындағы бітімгершілікке себеп болған. Бір деректерде, Кенесары хан қырғыздармен алғашқы ұрыстардың бірінде Ақыртөбе деген жерде Бүрге батырдың Қалша деген ұлы бастаған 700 жігітін жеңіліске ұшыратып, Қалшаны тұтқынға алады. Қырғыздың Солты, Сарбағыш, Құсшы рулары кеңесіп, Қалығұл батырды басшы қылып елші жібереді. Кенесары әрі-бері ойланып: "Мақұл, мен Қалшаларыңды босатып берейін, сендер Солты Есқожаның баласы Баястанның Көкдауыл деген тазысын беріңдер",- дейді. Сол уақытта Көкдауыл тоғыз қасқыр алып, қазақ-қырғызға аты шыққан ит екен. Тазыны көріп Кенесары сүйінгеннен хантәжін Қалшаға кигізіп жіберген деген қырғызда әңгіме бар.

Бүгінгі күні ұлтымыздың ұмытылып бара жатқан дәстүрлі мәдени құндылықтары қолға алынып, ел арасында насихаттау жұмыстары жақсы жүргізіліп жатыр. Осындай игі бастамаларын халық қолдап, ұлттық намысы бар азаматтарына ой саларына сенеміз.

Бақытжол Кәкеш