«Жеті томдық «Айтыс» жинағының ең басты ерекшелігі - бірінші рет қазақтың көне айтыстарынан бастап осы заманғы айтыстарға дейін барлығының басы қосылған. Сонымен қатар ақындар туралы мәліметтер, түсіндірме сөздіктер бар. Сондай-ақ тұңғыш рет шетелдегі қандастарымыздың айтыстары еніп отыр. Оның ішінде «Қытайдағы қазақ ақындары» деген үлкен бөлім бар. Қазіргі кезде қытайдағы қазақ ақындарының ерекшеліктері өте көп. Өйткені олар әуелгі қалпын сақтап, сөзді қуалап, уәжбен айтысатын, бірін-бірі сөзбен жығуға тырысатын, саясаттан тысқары жекпе-жектер өткізеді, сондықтан олардың да «Айтыс - сөз барымтасы» (М. Әуезов) деген анықтамаға жауап беретін үлгілері кітапта жарық көрді», - дейді қоғам қайраткері Жүрсін Ерман. Оның айтуынша, кітапқа одан басқа қазіргі айтыстардың ішінен ең таңдаулылары іріктеліп алынды. «Қазір қазақ айтысының кемеліне келген кезі. Айтыскерлердің жаңа толқыны, жаңа легі соңғы 15-20 жылдың көлемінде көркем, әдемі айтыстар жасаса, соның бәрінің мәтінін қағазға түсіріп, жинаққа енгіздік. Бұл - «Бабалар сөзінен» кейінгі халыққа үлкен серпіліс беретін, ләззат тапқызатын өте құнды кітап», - деді Ж.Ерман. Аталмыш топтамалық кітапты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша Қазақ ұлттық өнер университетінің Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институты дайындап, жарыққа шығарды. Кітаптарды көркем безендіріп, оқырман қауымға ұсынған - «Күлтегін» баспасы. Айта кетейік, «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасы 25 том еңбекті құрайды. Бұл жоба бойынша биыл 7 том еңбек жарық көрсе, жалғасы алдағы жылдары шығарылады деп күтілуде. Жоба авторы - мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков.
12:12, 04 Желтоқсан 2014
Жеті томдық «Айтыс» жинағының тұсауы кесілді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасы аясында жарық көрген қазақ айтысының 7 томдық кітабының тұсауы кесілді. Бұл шара 5 желтоқсанға жоспарланған, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Алтын домбыра» республикалық айтысына орайластырылып ұйымдастырылды.