Жеті жасар бала досының емделуі үшін ғаламторда 50 мың доллар жиған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Канадада жеті жасар бала досының емделуі үшін 50 мыңнан астам доллар жинады. Ол сусын сатудан бастап, халықтық қаржыландыру науқанымен аяқтаған.

Британдық Колумбияда тұратын Куин Календуре бар болғаны 7 жаста. Оның досы Брейден БЦС сырқатымен ауырып, ота жасау қажет болған. Досының емделуіне қаржы жинау үшін Куин қала дүкенінің жанынан сөре ашып, сусын сата бастаған. Әрине, оны жергілікті тұрғындар да қолдады.

Содан кейін Куин ата-аналарының көмегімен «YouCaring» сайтында халықтық қаржыландыру науқанын бастапты.

Түсіндірмеде ол досының немен ауыратынын, қанша ақша қажет екенін көрсетеді. Ота міндетті түрде Құрама Штаттарда жасалатынын, Канадада жасалатын ондай ота оны мүгедектер арбасынан арылта алмайтынын жазады.

Ол 53 мың доллардан астам қаражат жинады. Бастапқыда оған 20 мың доллар қажет болған. Осылайша ғаламтор-қоғамдастық науқан аяқталудан 25 күн бұрын оның есебіне екі есе қаражат жіберді.

Мұндай науқандар қазір ақша жинаудың кеңінен таралған тәсіліне айналды. Бұдан басқа да әсерлі оқиғалар жиі болады.