«Жетігенді аяққа таптау - түркі халқының намысына тиіп отыр» - БАҚ-қа шолу
***
Кез келген елдің сүттей ұйыған тыныштығы кенеттен туындаған үрей мен қорқыныштан нілдей бұзылуы мүмкін. Ал мұны туғызатындардың елге жақсылық ойламайтыны белгілі. Солардың бірі - терроршылар. Терроризм - саяси-әлеуметтік себептерге байланысты жеке адамға, көпшілікке немесе мемлекетке қысым жасау, үрей туғызу мақсатында қасақана жасалатын қылмыстық іс-әрекет болып табылады. Ендеше, бұған қарсы бізде қазір қандай амалдар жүзеге асып жатыр? Бұл орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылы «Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ережені бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Өзінің мән-мағынасы бойынша аталған құжат еліміздегі экстремизм мен терроризмнің әртүрлі көріністеріне қарсы тұру жұмыстарының жаңа кезеңі болып табылады. Міне, осы жөнінде, яғни терроризм қауіптеріне қарсы күрестің қазіргі заманғы ерекшеліктері, жаңа құрылған құрылымның міндеттері туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Терроризмге қарсы орталықтың басшысы Нұртай Әбіқаев «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісімен болған сұхбатта кеңінен әңгімелеп берген. Екеуара әңгіме «Уақыт күттірмес өзгеріс» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның жазуынша, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы ең ірі кеніш - «Қашағандағы» «D» аралында қазақстандық жұмысшылар наразылық ереуіліне шықты. Бұл туралы газет тілшісіне Атырау облыстық прокуратурасының ресми өкілі Аслан Нұрғалиев мәлім еткен. «Белгілі болғанындай, наразылық ереуіліне британдық «CAPE Industrial Services» компаниясының 200-ге жуық жұмысшысы қатысқан. Аджип ҚКО мердігерлерінің бірінен саналатын бұл компания «Қашағанның» жасанды аралдарында құрылыс жұмыстарын атқарған. Қазір мұндағы жұмыс ауқымы аяқталды. Соған орай жұмысшылардың қысқартылатындығы белгілі болып отыр. Осы ретте «CAPE Industrial Services» басшыларының заңға қайшы әрекеті жұмысшылардың наразылық ереуілін өткізуіне себеп болған. Компания әуелі жұмыстың аяқталуына орай жұмысшылардың қысқартылатынын ресми түрде хабарлаған. Бірақ кейіннен олардан жұмыстан өз еркімен босату жөнінде арыз жазуды талап еткен. Мұндай жағдайда компания жұмыстан босаған жұмысшыларға заңға сәйкес төлемақыны төлемейді», - делінген «Д» аралындағы жұмысшылар ереуілі» деген тақырыптағы ақпаратта.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Жетігенді аяққа таптау - түркі халқының намысына тиіп отыр» деген тақырыппен мақала басылды. «Қазақстан», «КТК», «7-арна», тағы басқа телеарналардан таралып жатқан ролик дәстүрлі музыкалық аспабымызды аяқасты етіп қана қоймай, жас буындарымызға теріс тәрбие беріп отыр. Жарнама жасаушылардың ұлттық мұрамыздың терең тарихына менсінбеушілікпен қарайтынын көрсетеді. Әйтпесе, ұлттық символдарымыздың қатарында әспеттеліп, музейлерде сақталып, киелі өнер сахналары арқылы насихатталып, оқу бағдарламаларына енгізіліп, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына тікелей қатысты жетіген аспабын бұлай мазақ ету нендей қажеттіліктен туды?», - деп жазады мақала авторы.
Осы басылымда тарих ғылымдарының докторы, Ресей туризм және сервис университетінің профессоры Дина Аманжоловамен арадағы сұхбат «Адамдар тарихтан тірек іздейді» деген тақырыппен беріліп отыр. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ғалым: «Ұлт зиялылары қазақты оқыған, көзі ашық ұлт болса екен деп армандады. Тәуелсіздік жолындағы күресті қазақ зиялылары білімді, мәдениетті, рухты көтеру арқылы жүргізді. Абайдың қай өлеңін алсақ та, қазақтың кемшілігін айтады, оның алға басуы керектігін айтады. Қазақты алдыңғы қатарлы ел деңгейіне көтеру идеясын эстафета ретінде кейін Алаш зиялылары жалғастырды. Біз осы идеяның терең мәніне тарихи тұрғыдан баға беріп, зерделей алған жоқпыз. Алаш зиялыларын жеке-жеке тану арқылы мемлекеттігіміздің азаттық жолында бас тіккен қайраткерлердің болғандығын көрсете аламыз. Мұндай партия құрған, мемлекеттік думаға кірген, саналы ой айтқан зиялы қауым Орта Азияда болған жоқ»,- дейді.