Жетім балалар мен көпбалалы отбасылардың балаларына арналған Елорда әкімінің шыршасы өтті

АНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында Астана әкімі атынан жаңажылдық шырша ұйымдастырылып, оған 150 жетім балалар мен көпбалалы отбасылардың балалары қатысты.

Қала басшысы Иманғали Тасмағамбетовтің жаңажылдық шыршаға қатысушыларға арналған құттықтауын қалалық Білім басқармасының директоры Әсима Бимендина оқып берді. Ол өз сөзінде өтіп бара жатқан жылда ұйымдастырылған маңызды оқиғаның арқасында бүкіл әлемге танылған Астана шаһарында тұратын балалардың бақытты екендіктерін баса айтты. Сондай-ақ Ә.Бимендина балаларға Қазақ елі мақтан тұтатын 130-дан астам ұлттың достығын қадірлеуге үндеді.

Шыршаға орай ұйымдастырылған қызықты бағдарламаларды тамашалаған балалар жаңажылдық сыйлықтан да құр қалмады. Олардың алдында Астана балалар үйінің шығармашылық ұйымы, «Юность Астаны», «Звездный час» эстрадалық вокал студиялары. «Бәйтерек», «Созвездие» би ансамблдері өнер көрсетті.