Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 46 мыңнан астам бала түрлі себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалып отыр. Бұдан бөлек, соңғы он жылдан бері шетелдіктерге 6 мыңнан астам жетім бала асырап алуға берілсе, оның 5 мың 308-і АҚШ азаматтарының үлесіне тиіпті.
«Өкінішке қарай қоғамда қатігез, қаныпезер ата-ана-сымақтар көбеюде. Әйтпесе ең қымбаттысы, көзінің қарасы, өмірінің жалғасы, бауыр еті баласын перзентханаға немесе қоқыс жәшігіне тірідей қалдыруға қалай жүрегі даулайды?! Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды. Сонда кім болғанымыз?! Тарихта талай тауқыметті өткерген біздің халқымыздың басында мұндай сұмдық бұрын-соңды болып көрмеген. Бүгінгі таңда тастанды сәбилер, шет елдерге сатылған балалар санының күннен-күнге арта түсуі, қыздарымыздың жеңіл жолға салынуы, «көкек әкелердің» көбеюі барлығымызды да толғандыратын өзекті мәселеге айналып отыр. Болашақ ұрпақты осынау қасіретті індеттен қалай сақтап қаламыз?», - деген депутат Үкімет тарапынан арнайы шаралар қабылдануы тиістігін атап өтті.
«Атқарушы билік қамқорлыққа зәру балалар мен шетелдіктер асырап алған сәбилердің жағдайын реттейтін, жетім балаларды тұрғын үймен, жұмыс орнымен қамтамасыз етуді қарастыратын «Жетім балалар туралы» заң жобасын дайындаса игі», - деді ол.