Жетім балаларды баспанамен қамтуда ШҚО тәжірибесін үйренгеніміз жөн- Б.Сапарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін білім беру жүйесі қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мектеп жасындағы жетім балаларды болашақта баспанамен қамту жайына назар аудартты.

«Білім беру жүйесіндегі тағы бір мәселе - жетімдердің жағдайы. Шындықты мойындайық, елімізде жетімдердің азаймай отырғанына көбінесе кінәлі - үлкендер. Сондықтан, оларға үнемі қолдау көрсетіп, көмектесу - біздің парызымыз. Шығыс Қазақстан облысында жақсы бір бастама болды. «Мейірім» деген акция аясында біз «баланы асырап алушы - жетім бала - «Тұрғын үй жинақ банкі» деген кестемен 1 млн теңгеден басталатын жинақ келісімшартын жасайтынбыз. Соған сәйкес, жетім бала оқу бітірген кезде баспаналы бола алатын. Сонымен қатар, Үкімет «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша жетім балаларға арнайы үй салу туралы шешім қабылдады»,-деген Б.Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысындағы тағы бір игі бастаманы мысалға алды.

«Мені мақтанып тұр деп ойламаңыздар, бірақ біз Шығыс Қазақстан облысының тәжірибесін үйренуіміз керек. Біз облыста әрбір жетім бала үшін біз бір адамды жауапты етіп қоятынбыз. Оған материалдық көмек беру үшін емес, ол бала отбасы жылуын сезініп, тәрбие алуы үшін. Сондықтан, осы мәселені қолға алу керек»,-дей келе Б.Сапарбаев БҒМ ішіндегі бала құқығын қорғау комитетінің жұмысын пысықтау керек деп тапсырма берді.