Жетісай ауданында ауылдардың жолдары жаңарып жатыр

None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Жетісай ауданында ауылдардың жолдары жаңарып жатыр. Бүгінде Жаңа ауыл ауылдық округінің 45,2 шақырымы асфальт болса, 15,3 шақырым көшеге тас төселген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауылдың ішкі көшелерінің жалпы ұзындығы - 70,5 шақырым. Биыл 15,2 шақырымды құрайтын 11 көше орта жөндеуден өтті және ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын бір көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа облыстық және жергілікті бюджеттерден 208 млн 63 мың теңге қаралып, көшелер ретке келтірілді. Сондай-ақ, ауылдық округ әкімі Нұрлыбек Бахтияровтың бастамасымен ескі көшелерден қырып алынған тастар да кәдеге жарап отыр.

«Жаңа асфальт төселмес бұрын 5 сантиметрдей ескі асфальтты қырып алады. Кейін барып жаңа асфальт төсейді. Біздер сол ескі асфальттың бетінен қырып алынған тасты да тиімді пайдаланудың жолын таптық. Оны ауыл ақсақалдарымен кеңесіп, мүлдем тас төселмеген топырақ көшелерге төсеп жатырмыз», - дейді Нұрлыбек Бахтияров.

Сонымен қатар Ынтымақ ауылында ұзындығы 13 шақырымды құрайтын 9 көшеге 183 млн теңгеге асфальт төселсе, 3 көшеге тас тастау жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұркен Әлмештің айтуынша, биыл Жетісай ауданының автомобиль жолдарының күрделі, орта және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып отыр. Оған 136 шақырым жол жөндеуден өткізіліп жатыр.