Жетісайда 100 келіге жуық балықты заңсыз аулаған браконьер ұсталды

ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері 100 келіге жуық балықты заңсыз аулаған браконьерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жетісай ауданы аумағында тоғай алқаптары мен өзен-суда заңсыз балық аулау деректерін анықтау, алдын алу мақсатында Жетісайдың полиция қызметкерлері тұрақты түрде рейд өткізіп отырады.

Осындай кезекті тексеру кезінде полицейлер Үтіртөбе ауылына қарасты Шардара су қоймасы маңында жергілікті тұрғынның заңсыз түрде шанышқы (астрага) пайдалана отырып, балық аулап отырғанын анықтады.

Ұсталған жас жігіттен айғақ ретінде резеңке қайық, 3 метрлі шанышқы (астрага) және 50 данадан астам заңсыз ауланған балық тәркіленіп алынды. Балықтың жалпы салмағы - 93 келі.

Аталған жайт ҚР ҚК 335-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Табиғатқа залал келтірген тұрғын Жетісай аудандық полиция бөліміне жеткізілді.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулап, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді өлтіру заң аясында жауапқа тартуға әкеліп соғатынын ескертеді.