Жетісайда екі соғысқа қатысып, тың игерген 103 жастағы әжей тұрады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысы Жетісай ауданы Жаңа ауыл ауылдық округінің әкімі отбасымен барып 100 жасаған аналардың батасын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа ауыл ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Бахтияров Ынтымақ елді мекенінің 103 жастағы тұрғыны Айсара Баймұратова мен Үрімай Байғабекованы отбасымен бірге арнайы құттықтап барып, ғасыр жасаған кейуаналардың батасын алды.

1919 жылы дүние есігін ашқан Айсара Баймұратова балалар үйінде тәрбиеленіпті.

Екінші дүниежүзі және Жапон соғысына қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары тың игеруге белсене атсалысып канал қазған.

Отбасын құрып 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсіріп олардан 40 астам немере және 4 шөпшек сүйіп отыр.

Ақ жаулықты ананың 2 қызы және 2 келіні батыр ана атанған.

Ал, Үрімай Байғабекова тың игеру жұмыстарына белсене қатысқан. 4 ұл, 3 қыз тәрбилеп өсіріп, 40 тан астам немере сүйіп, балаларының арасында бақытты ғұмыр кешуде.

«Жүз жасаған ақ жаулықты аналарымыздың ақ батасын алу бақыты бұйырғанына шүкір. Осындай абзал аналардың қайтпас қайсарлығы мен төзімділігі — бізге үлгі. Соғыс пен аштықты, жоқшылықты көрген алдыңғы буын аға-апаларымыздың өмірін отбасыма балаларыма үлгі етіп әкелдім. Бізді бейбіт күнге жеткізген, бар өмірін еңбекке арнаған жандардың алдында қашанда бас иеміз», - деді ауыл әкімі Нұрлыбек Пердебекұлы.

Балалар әжелерге мерекелік гүл мен арнайы тортты тарту етті.

Сондай-ақ, иығына орамал жауып, сый құрмет көрсетті.