Отағасы Бахтияр Қазыбаев пен отанасы Фарида Ақылбекованың шаңырақ көтергендеріне биыл 47 жыл толып отыр. Тәжік ұлтына келін болып түскен Қазығұрт ауданының тумасы бүгінде 2 қыз бен 3 ұлдың анасы атанған. Бес перзентінен 25 немере мен 15 шөбере сүйіп отырған Фарида апа Қазыбаевтар шаңырағына келін болып түскен күннен бастап күні бүгінге дейін қонақтарды қазақы салт-дәстүрмен, қазақы дастарханмен күтіп келеді. Босағасын аттаған келіндері де ене жолымен жүріп, Фарида апаның тәрбиесіне қаныққан. Немересі Сардор болса осыдан 2 жыл бұрын 100 орындық «Зувайда ана» бөбекжай балабақшасын ашқан. Қазіргі таңда мұнда 30-ға тарта ауылдың қыз-келіншегі тұрақты жұмыспен қамтылған. Биылғы жылы диагностикалық орталық пен 200 орындық мектепалды дайындық орталығының құрылысын жүргізуде. Заман талабына сай орталықта 100 бүлдіршін балабақша бағдарламасымен тәрбиеленсе, жоғарғы топтағы 100 бүлдіршін мектепке дайындық көріп, сабақ оқитын болады. Бұл орталық іске қосылса ауылдың тағы 35-40 тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. «Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт пен ұлысты нәсіліне, діни көзқарасына, сеніміне қарамай бірдей жағдай жасаған мемлекет басшысына, үкіметке алғыс айтамыз. Диханшылықпен айналысам дегендерге де, кәсіпкерлікті жолға қоямын дегендерге де кең жол ашылған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлкен қолдау бар. Міне, соның нәтижесінде біз де өз кәсібімізді дөңгелендіріп отырмыз»,-дейді Фарида Ақылбекова. Айта кетейік, бұл отбасы үш мыңға тарта тұрғыны бар шағын ғана ауылда бой көтеріп жатқан орталықтың алдынан жас кәсіпкер демалыс аллеясын да салуды көздеп отыр. Онда ауыл балалары мен тұрғындарына арналған ойын алаңшалары, гүлдер аллеясы, балмұздақ орталығы мен су бұрқақтар жұмыс істейтін болады.
12:01, 28 Қараша 2019
Жетісайда қазақы салтты сақтаған тәжік отбасы тұрады
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Жетісай ауданында 47 жылдан бері қазақы салтты сақтап, ұлттық тағамдарымен қонақ күтетін тәжік отбасы тұрады. Қазақ пен тәжік ұлтының арасындағы достықты құдалықпен ұштастырған Фарида Ақылбекованың перзенттері ауыл шаруашылығы айналысып, кәсіпкерлік саласын дұрыс жолға қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.