«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50,741 шақырым каналдарды механикалық тазалаудан өткізу жоспарланса, ұзындығы 35,666 шақырымды құрайтын каналдар толық тазалаудан өткен. Бүгінде К-25 каналының тазалануы тиіс 22,7 шақырымының 5,5 шақырымы өскінді шөптер мен шөгінді тұнбалардан толықтай тазаланған. 15 мың гектарда 2400 шаруа қожалығы орналасқан аталмыш каналдың бойында 4 техника қызу жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы арық-атыздарды тазалау жұмыстарының жылдағыдан ерте басталуының бірден-бір себебі – елімізге жылына 13 млрд 540 млн текше метр су жіберетін қырғызстандық «Тоқтағұл» су қоймасынан алатын ағын су көлемінің 2 млрд 40 млн текше метрге азаюы болып отыр. Бүгінде ұзындығы 3 мың шақырымға жуық ірілі-ұсақты 1068 каналы бар Жетісай ауданының егістік жер көлемі 77 274,6 шақырымды құрайды. 1556,9 шақырымды қамтитын 780 су жүйесі орнатылған.
Айта кетейік, бүгінге дейін егістік алқапқа аса қажетті ағын су аудан бойынша үлкен мәселе болып келген болатын. Басты кедергі - каналдар мен ішкі су жүйелерінің ұлтандары май топырақ пен шөп-шалаңнан тазаланбауы.