«Жетісу» кеден бекетінде жаңа тексеру құрылғысы орнатылды

АЛМАТЫ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматы қалалық кедендік бақылау департаментіне қарасты «Жетісу» кеден бекетінде "Рапискан-624» жаңа тексеру құрылғысы орнатылды.

Бүгін аталған құралдың Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасы өкілдерінің қатысуымен іске қосу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл құрал аталған бағдарлама аясында АҚШ тарапынан сыйға беріліп отыр. Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасы ядролық және химиялық, биологиялық қаруды заңсыз тасымалдау, таратудың алдын-алуға бағытталған. Қазірге дейін аталған бағдарлама аясында Қазақстан кеденіне 11 жинақ кедендік бақылау құрылғысы сыйға берілген. Бұл құралдар жолаушылар жүктерін ең жоғары дәлдікпен тексере алады.