Жетісу мемлекеттік университетінің ғылыми жобасы Елбасы қорының грантын иеленді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғылыми жобасы Елбасы қорының грантын иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасында бірыңғай ақпараттық кеңістік құрудағы рөлі»  тақырыбына ғылыми зерттеулер жүргізуге ұсынған жоба үздік деп танылды. Авторы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің инновациялық жұмыстар және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Мұхтар Төлеген.

Оған  арнайы куәлікті қордың атқарушы директорының орынбасары Сергей Тоқтаров табыстап, жобаның маңыздылығын ескере отырып, одан әрі дамытуға ұсыныс жасады. Бастаманы ары қарай қаржыландыруға дайын екендігін жеткізді. Айта кету керек бұл жоба университет жанында құрылған Стартап Академиясының сараптамасынан  өткен болатын.