Жетісу облысына қанша инвестиция тартылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Жетісу облысының экономикалық көрсеткіштері артып, өндіріс, құрылыс, сауда сияқты негізгі салаларда өсім байқалды. Бүгінгі күнге дейін өңір экономикасына 95,3 млрд теңге инвестиция тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық негізгі салаларында оң динамика сақталды.

Мәселен, өнеркәсіпте өсім 10,3% - 152,4 млрд теңге, ауыл шаруашылығында – 1,5% , яғни 104,9 млрд теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 есе артты. Жыл басынан бері 103,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл басынан бері 1,3% өсіммен 95,3 млрд теңге инвестиция тартылды.

Ал бюджеттің игерілуі әзірге 99,4%. Жыл соңына дейін толық игеру көзделген. Биыл облыс бюджеті – 486 млрд теңге, яғни 16 пайызға өскен.

Бұған дейін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исаев кеңес барысында, 7 айдағы облыстың қорытындысы жаман емес екенін айтқан болатын.

Әкімнің сөзінше, өңірде пайдаланылмаған әлеует әлі де бар.

«Инвестиция тартуда мақсатты жұмыс істеуіміз керек. «Достық – Мойынты» темір жол учаскесінің екінші жолының құрылысы, «Қорғас» ХШЫО-дағы жаңа кәсіпорындар, «Aksenger LTD» ЖШС алтыны бар кендерді өндіру және өңдеу металлургиялық кешені, «Көксай тау кен байыту кешені сияқты ірі жобалар халықты жұмыспен қамтуға, инвестицияның көлемін арттыруға ықпал етуі тиіс», - деген болатын Бейбіт Исабаев аудан әкімдерімен өткен жиында.

Айта кетейік, былтыр Жетісу облысы экономикадағы негізгі 7 көрсеткіш бойынша жоспарды толық орындады. Көрсеткіштерге келсек, өңір инвестиция тартуда екінші, тұрғын үй құрылысында үшінші орында. Мәселен, инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 16,3 % артып, 269,7 млрд. теңге инвестиция тартылған.

Ал тұрғын үй салу жоспардың 108,8% құрап, бір жылда 295 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Мемлекеттік бюджет кірістері бойынша жоспар 132,8% орындалып, 198,1 млрд. теңге түскен, соның ішінде республикалық бюджетке – 135,8 млрд. теңге немесе 129,5%, жергілікті бюджетке 62,3 млрд. теңге түскен немесе бұл жоспарланған көрсеткіштің 140,5%-ы.

Осылайша Жетісу облысы экономикалық даму көрсеткіштері жағынан 2022 жылды жақсы аяқтап, облыстар арасында төртінші орынға тұрақталған болатын.