Жетісу облысында 1-сыныпқа қабылданатын бүлдіршіндердің 76 пайызы қазақ сыныбына барады

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Жетісу облысында 1-сыныпқа қабылданатын бүлдіршіндердің 76 пайызы қазақ тіліндегі сыныптарға өтініш берді. Бұл жөнінде тамыз кеңесінде айтылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста 340 мектепте 15 691 мұғалім 126 867 оқушыға білім береді. 15 691 педагогтің 8 764-і немесе 55,8%-ы жаңа формат бойынша аттестатталған. Казіргі күні еңбек ететін педагогтердің 16,6% ғана педагог–шебер және педагог- зерттеуші санатындағылар.

Өткен оқу жылының соңында педагог кадрларға қажеттілік 176 бірлікті құраған. Сонымен қатар жаңа оқу жылында 1-сыныпқа қабылданатын бүлдіршіндердің 76 пайызы қазақ тіліндегі сыныптарға өтініш берді.

Сондай-ақ, жиында білім беру саласының өзекті мәселелері талқыланып, жаңа оқу жылының негізгі бағыттары, жаңалықтары айтылды.

Облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев педагогтерді жаңа оқу жылымен құттықтап, жұмысына ұсыныстар айтты. Өңір басшысы цифрға емес, сапаға еңбек етіп, білімді жастарды даярлауды еске салды.

Бірқатар ұстаздардарға марапат табысталып, жетістіктері атап өтілді. Биылғы кеңестің тақырыбы – «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет».

Жаңадан тағайындалған облыстық білім басқармасының басшысы Адамбекова Айжан Маманқызы терең мағыналы баяндама жасады. Педагогтердің жұмыс жағдайлары жақсарды, оқытудың мазмұны, әдістері мен нысандары қалыптасты. Орта білім беру бағытында да кешенді шаралар қабылданып, нәтиже беруде.

Жаңа оқу жылында орта білім беру жүйесіне біршама өзгерістер енгізілуде. Оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырға дейін ұзартылып 36 аптаны құрайды.

Барлық мектеп бес күндік жұмыс кестесіне көшеді. Сенбі күні - мұғалімдер, директор мен оның орынбасарлары үшін де демалыс болады. Бұл күнге мектеп әкімшілігі ешқандай шаралар жоспарламауы тиіс.