Ішкі істер министрлігінің нұсқауын орындау үшін, сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қатысты жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу, балалардың еңбегін заңсыз пайдалану фактілерін анықтау мақсатында облыс аумағында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Аталған іс-шараға қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің жеке құрамы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, білім беру, денсаулық сақтау органдарының және ата-аналар комитетінің өкілдері барынша тартылды.
«Профилактикалық іс-шараның алғашқы күнінде 130-дан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Полиция бөлімдеріне 129 кәмелетке толмаған бала жеткізілді. Олардың ішіндегі 117 факті түнгі уақытта болған. Профилактикалық есепке 12 кәмелетке толмаған бала және 7 қолайсыз отбасы қойылды», - деді Жетісу облысы ПД ЖПҚБ ЮПТ аға инспекторы Серік Байгозинов.
Іс-шара барысында әкімшілік құқық бұзушылықтарды, оның ішінде алкогольдік ішімдік ішу, ұсақ бұзақылық, түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде (түнгі клубтар, ойын-сауық орындары, саябақтар және т.б.) болған жасөспірімдер анықталды.
Кәмелетке толмағандардың еңбегін заңсыз пайдалану фактілерін анықтау мақсатында кәсіпорындар, ойын-сауық және сауда орындары тексеріліп жатыр.
Профилактикалық іс-шара 19 шілдеге дейін жалғасады.