Бұл туралы Жетісу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдамламалар басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқарма мәліметінше, жұмысқа орналасқан азаматтардың 74% Ұлттық жобалар және бос жұмыс орындары шеңберінде, 24% жеке бастамалар, қалған 2%-ы кәсіпкерлік бастамалары грант, микрокредит шеңберінде жұмысқа орналасқан.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері жұмыссыздық деңгейі 5,1%-дан 4,9%-ға дейін төмендеді.
«Экономикалық қызмет түрлеріне сәйкес жұмыспен қамтылғандардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы, құрылыс және өндіріс, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларына орналасты. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 60%-ы осы негізі бес салаға тиесілі», - деп хабарлады басқарма өкілдері.
Басқарма тарапынан облыста еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік мәселесі зерделеніп, жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізілген. Мәселен, сауалнама нәтижесінде еңбек нарығына 992 тігінші немесе киімді қалпына келтіруші (реставратор) мамандары қажет екені анықталды, бірақ аталған мамандық бойынша облыс колледждерінде жылына 120 маман (Алакөл көпсалалы колледжі, Талдықорған сервис және технологиялар колледжі, Ақсу агротехникалық колледжі) дайындалып шығарылады.
Жалпы, Жетісу облысында 2022-2023 оқу жылының барысында өңірдің білім беру мекемелеріне колледж және ЖОО түлектері қатарынан 308 жас маман жұмысқа орналасқан. Ал алдағы жаңа оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінген білім беру гранттары аясында оқуын аяқтайтын 202 түлекті жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.
Дегенмен өңір мектептеріне математика, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия пәнінің мұғалімдері әлі де қажет. Педагог кадрларға қажеттілік мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттары тағайындалуда.
«Биыл 2022-2023 оқу жылын 6545 түлек аяқтаса, соның 5170-і Ұлттық біріңғай тест тапсырған. Түлектерге Жетісу облысы әкімінің 100 гранты тағайындалды. Оның 60-ы әлеуметтік әлжуаз санаттан шыққан түлектерге, 40-ы жалпы конкурс бойынша бөлінеді. Басымдыққа әдеттегідей білім, медицина, ауыл шаруашылығы мен техникалық мамандықтар ие», - деп хабарлады облыстық білім басқармасынан.
Бұдан бөлек, тамыз айында халықаралық жастар күніне орай қаладағы «Жастар» саябағында еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын. Оған жиырма мекеменің өкілі қатысып, ақпараттық технологиялар менеджері, аспаз, даяшы, қоғамдық қызметші, сатушы, мұғалім, және психолог сынды жүзге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды.
Ал мемлекеттік мекеме қызметкерлері келушілерге «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірбиесі», «Ұрпақтар келісім шарты» жобалар жайлы кеңес берді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқыту және кәсіп ашу тетіктерін де түсіндірді. Осылайша жұмыс іздеген жастар мекемелердің табалдырығын тоздырмай-ақ бір орталықтан мол мағлұмат алды.
«Жыл басынан бері облыс аумағында 22 бос жұмыс орны жәрмеңкесі ұйымдастырылған. 187 азамат нақты тұрақты жұмысқа орналасты. Әлі жыл соңына дейін елуге жуық бос жұмыс орын жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Ол тек қана ашық алаңда ұйымдастырылмайды. Біз түрлі форматты қолданамыз. Соның ішінде онлайн форматында өткіземіз»,- дейді «Jetisy jastary» КММ директорының орынбасары Еркебұлан Ақболатов.
Осы күні 19 жас тұрақты жұмысқа қабылданды. Солардың бірі, Ақжан Қанатбекова.
«Мен өзім мұғаліммін. Бүгін жәрмеңкеге жұмыс іздеп келдім. «Бейби дэй» деген орталыққа сөйлестім. Ертең барып резюмемді өткіземін. Жұмысқа орналастым. Осындай игі шара өткізіп отырған ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін», – деді қала тұрғыны Ақжан Қанатбекова.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін баса айтқан болатын.