Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті Экологиялық кодекс талаптарының сақталуына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде Мемлекеттік кірістер департаменті мен Экология департаменті өзара іс-қимылдың болмауына байланысты қолданыстағы заңнама талаптарын тиісінше қолданбайтыны анықталды, бұл кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға әкеп соққан.
«Жетісу облысы бойынша қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін салық төлейтін 4 633 оператор бар. Оның ішінде 46-сы – ІV санатқа жатқызылған шағын және орта бизнес субъектісі.
Салық заңнамасына сәйкес, Экологиялық кодексте айқындалған І, ІІ, ІІІ санаттағы операторлар – төлемақы төлеушілер. Ал, ІV санаттағы субъектілер салықтың осы түрін төлеуден босатылады. Бұл ретте уәкілетті органдар тарапынан табиғат пайдаланушылардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу жөнінде уақтылы шаралар қабылданбаған.
Бірлескен шаралардың нәтижелері бойынша 46 бизнес субъектісінің құқығы қорғалды. Енді олар қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін салық төлеуден босатылды», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.