Соның салдарынан халық әлі ескі су жүйесінен су алып отыр. Ол жерде судың қысымы аз.
«Біз түсінбейміз, ескі құбырдың суын тұтынатын болсақ, не себепті су мұнарасы 134 миллион теңгеге салынды. Мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалды. Барлығы қағаз жүзінде ғана істеп тұр, шын мәнісінде міне жаңадан салынған су мұнарасы қаңырап тұр. Есік-терезесі сынған. Сол себепті сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметкерлері келіп, әр тиынға жасалған жұмыстың нәтижесін көрсе деп сұраймыз», - деді Тасқұдық ауылының тұрғыны Ерлан Тоқмұрзин.
Тұрғындар дәл осы ескі құбырдан су алып жүргендеріне 50 жылдан аса уақыт болғанын айтады. Бірақ, жаңадан су мұнарасы салынғанда бұл жерден енді су берілмейтін шығар деп ойлағанбыз дейді. Алайда, халық жаңа мұнараның тек салынды деген аты болмаса, сол баяғы ескі қоймадан су ішіп отырғандарын айтады. Ол аздай 50 шаңырағы, 250 тұрғыны бар ауыл жұрты жерден аққан судың өзіне ай сайын 550 теңгеден төлеп отырмыз дейді. Ал, 134 миллион теңгеге салынған су мұнарасы әдемі ескерткіш болып тұр деп ашулы.
Бірақ, Сарқан ауданы әкімі орынбасары ауылдықтардың сөзімен келіспейді. Шенеуніктің айтуынша, жаңадан салынған мұнара арқылы суды тартса, халық қосымша су сорғышты қосқан үшін жарыққа ақша төлеуі тиіс. Ал бұған тұрғындардың көбі қарсылық білдірді дейді. Егер көпшілік жарыққа қаражат төлейтін болса, мұнараны қосып беруге сақадай-сай дайын көрінеді.
«Бес жыл бойы ол орталық су құбыры сорғышы қосылмаған себебі, халық жарыққа қосымша ақша төлеуі тиіс. Сол себепті қосылмай тұрды. Қазіргі таңда ауыл толық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Кейбір үйде қысым бар, кейбір үйде қысым жоқ. Орталық сорғыш қосылған кезде барлық үйде қысым болады», - деді Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев.
Енді әкімдік бес жыл бойы іске қосылмаған су мұнарасын 10 күннің ішінде қосып береміз дейді. Ал халық аз күннің ішінде мәселенің шешіле қоятынына сенбейді. Тек іске жемқорлықпен күрес агенттігінің қызметкерлері келіп, мемлекет қаржысына жасалған жұмыстың нәтижесін көзбен көргендерін қалайды.