Жетісу облысында биыл 321,9 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріледі

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысында тұрғын үй кезегінде 29,1 мың адам тұрса, соның 15 мыңнан астамы Талдықорғанда тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев журналистерге арналған брифингіде мәлім еткендей, биыл өңірде 321,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі.

Спикер өз баяндамасында 2022 жылы 295,3 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілгенін атап өтті. Ал биыл бұл көрсеткіш 321,9 мың шаршы метрді құрамақ. Соның 50% немесе 166,6 мың шаршы метрі бюджет есебінен салынады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 есеге көп.

«Жалпы жыл соңына дейін 2975 пәтер беріледі, соның ішінде бюджет есебінен – 2542, жеке құрылыс салушылар есебінен – 233, демеушілер есебінен – 200 пәтер, соның ішінде Талдықорған қаласы бойынша – 1917 пәтер беріледі», - деді Б.Исабаев.

Сол сияқты брифингіде халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына, көпбалалы отбасылар үшін Талдықорған қаласында демеушілер есебінен 180 пәтерлік үш үй және 20 жеке тұрғын салынып жатқаны айтылды. Оған қоса «Самұрық-Қазына» қоры да тұрғын үй мәселесін шешуге үлес қосуда. Мәселен, қор осы жылдың екінші жартысында Талдықорған және Панфилов ауданында 500 пәтерлік көпқабатты 8 үйдің құрылысын бастап, Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылы 65 жеке тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

Бейбіт Исабаев өңірдегі апатты үйлердің мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, биыл Ақсу, Кербұлақ аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларында 232 пәтерді сатып алуға 2,8 млрд теңге қарастырылды. Сондай-ақ Текелі қаласының Сарыөзек ауылында 60 пәтерлік 2 үй салынып жатыр. Осылайша келесі жылы апатты үйлер мәселесі Жетісу облысында толығымен шешіледі.