Жетісу облысында тұмаудың алдын алу жұмыстары жүріп жатыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысы бойынша жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 400 дана мөлшерде тұмауға қарсы вакцина сатып алынды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс бойынша тұмауға қарсы иммундау жұмыстары 2022 жылдың 3-ші қазанынан басталды. Бүгінгі күнге дейін 16 781 адам егілді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 2 328 (13,8%). Жалпы халық санына шаққандағы үлестік көрсеткіш 2,5% құрады. ДДҰ мәліметіне сәйкес алдағы эпидемиялық маусымда А (H1N1) pdm09, А (H3N2) және тұмаудың В вирусы болады деп болжануда»,- делінген Жетісу облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жалпы облыс бойынша тұрғындардың 14% қамту жоспарланып отыр.

Эпидемиялық маусым алдында жыл сайын тұмауға қарсы ақысыз егу - медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда медициналық бақылауға жататын балалар, алты айдан асқан көп ауыратын балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлері балалары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) қызмет алушылары, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдер, жүрек–қантамыр жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар және эпидемиологиялық көрсетімдері бар тұрғындарға жүргізіледі.