Жетісу облысында жарықсыз отырған Қаратал ауданына электр қуаты берілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысы Қаратал ауданында нөсер жауын мен қатты желдің салдарынан зақымданған электр желісі қалпына келіп, ауданға электр жарығы берілді. Ал Елтай ауылдық округіне қарасты Абай ауылының үзілген электр желісін апаттық бригада жөндеу жүргізіп жатыр. Мамандар Абай ауылына жарық ертең, яғни 13 тамыз күнгі сағат 13.00-ге дейін берілетінін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әсет Қанағатовтың сөзіне сүйенсек, Талдықорған – Үштөбе 110 КВ жоғары вольтты желісінің бойындағы апаттық орынды кезекші бригада сағат 15.05-те анықтап, қалына келтіру жұмыстарын атқарғаннан кейін сағат 19.05-те Қаратал ауданына тұтастай электр жарығы берілген.

«Оған дейін біз Қаратал ауданының өмірлік маңызы бар нысандарын Көксу ауданының желісі арқылы электрмен уақытша қамтыдық. Қазір ауданға электр жарығы толық үзіліссіз берілді», - деді Ә. Қанағатов.

Сонымен қатар «Талдықорған - Үштөбе» автожолының 35-ші шақырымында болған электр желілерінің үзілуі мен бағаналардың зақымдануы салдарынан жол аралығындағы Абай ауылының да жарығы сөнген болатын.

Бұл жерде 7 бағана зақымданып, 13 аралық үзілген.

Осыған байланысты қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Энергетика және ТҮКШ басқармасы Абай ауылына 13 тамызда сағат 13.00-ге дейін жарық берілетінін айтты.

Бұған дейін Жетісу облысының екі ауданында тұрғындар жарықсыз отырғанын хабарлаған едік.

Еске сала кетейік, Жетісу облысының Ескелді ауданында қатты жауын салдарынан 50 тұрғын эвакуацияланған.

Көшірілген тұрғындар мектепке орналастырылды. Су тасқынына байланысты жедел желі іске қосылды.

Бүгін аудандағы екі ауылдың көшелерін алып кеткен сел тоқтады, көшірілген 19 адам мектепті паналап отыр.