Жетісу облысында жергілікті халықтың орманға баруына тыйым салынады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысында жергілікті тұрғындардың орманға баруына 1 қарашаға дейін тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы өңір әкімі Бейбіт Исабаевтың тиісті қаулысы ашық талқыға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жетісу облысының мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіпі жоғарғы кезеңде (жыл сайын 1 сәуір мен 1 қарашаға дейін) ормандарда жеке тұлғалардың болуына тыйым салынсын және орманды пайдалану құқығы шектелсін. Қаулының орындалуын бақылау «Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жүктелсін», - делінген құжатта.

Қаулы 22 қыркүйекке дейін ашық талқылауға шығарылған.

Бұрын хабарлағанымыздай, биыл мұндай шектеу шаралары Абай және Түркістан облыстарында енгізілген болатын.