Жетісу облысында жол апатынан 1 әйел мен 2 бала қайтыс болып, 4 адам ауруханаға түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысында жантүршігерлік жол апаты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

3 қыркүйек күні Ескелді ауданында Toyota Camry және Mitsubishi L200 автокөліктері соқтығысты. Жол апатына алты адам ұшырады, олардың үшеуі қайтыс болды.

Дерек бойынша «Алматы-Өскемен» автожолының 295 шақырымында Toyota Camry автокөлігін жүргізген 40 жастағы ер адам рульге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып, Mitsubishi L200 автокөлігімен соқтығысқан.

Оқиға орнында жас әйел мен 10 жасар бала көз жұмды. Ауыр жарақат алған тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді. Алайда, онда 13 жасар қыз да көз жұмды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстық іс тіркелді.