Жетісу облысының әкімі әлем чемпионы атанған Исхар Құрбаевқа 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат- Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Иорданияның Амман қаласында грек-рим күресінен жастар арасында Әлем чемпионы атанған Исхар Құрбаев пен оның жаттықтырушы Мұхамет Нұғмановты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Жетісу таланттарға бай өлке.
«Осыдан жиырма жыл бұрын жерлесіміз Нұрбақыт Теңізбаев осы күрес түрінен жастар арасында Әлем чемпионы болды. Бүгін оның жолын жалғап, сен де әлем жастары арасында үздік шықтың. Бұл, біріншіден өзіңнің күш-жігерің мен тынымсыз еңбегіңнің арқасы, екіншіден сені 7 жастан осы күреске баулып, жаттықтырған әкеңнің еңбегінің жемісі. Сен тек өз әулетіңді, Жетісу өңірін ғана емес, Қазақстанды әлемге таныттың. Енді ересектер арасында топ жарып, Олимпиада шыңына шығуыңа тілектеспін. Шаршамай-талмай жаттығып, еңбектен. Біз саған барлық жағынан қолдау білдіруге әзірміз, - деді Бейбіт Исабаев.
Жас спортшы әкіммен әңгімелесу барысында Әлем чемпионатының қалай өткенін айтып берді. Сол сияқты өзінің спорттық жолы, ең мықты қарсыластармен белдесуден кейінгі түйген ойлары, алдағы жоспарлары жайлы баяндады.


«Жастар арасында Әлем чемпионы атанғаным тек менің ғана емес, еліміздің жеңісі деп білемін. Алда жоспарларым көп. Олардың бәріне тынбай жаттығудың арқасында жетемін деп ойлаймын», - деді Исхар Құрбаев.
Жаттықтырушы Мұхамет Нұғыманов Исхардың келесі жылы ересектер арасында белдесуге ниетті екенін айтты.
«Исхар қазір Алматыдағы Спорт және туризм академиясында 3 курста оқиды. Жаттығуға, үлкен мақсаттарға жетуге барлық мүмкіндігі бар. Көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамыз», - дейді ол.
Облыс әкімі спортшы мен оның жаттықтырушысына Құрмет грамотасын ұсынып, чемпионға 1 млн теңгенің сертификатын табыстады.
Бұған дейін Иордания астанасы Амман қаласында өткен күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында грек-рим күресінен Исхар Курбаев жеңімпаз атанғаны туралы жазған болатынбыз.
Жетісу облысының өкілі 55 келі салмақта финалда әзербайжандық Фарид Садихлимен сынға түсті. Белдесу барысында жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Исхар алғашқы белдесуінде түрік Эмре Мутлудан, одан кейін түркімен Абдували Рахимбаевтан басым түсті. Ал жартылай финалда қырғыз Нуристон Суйоркуловты жеңді.
Еске салсақ, Исхар Мұхаметұлы Құрбаев 7 жастан бастап грек-рим күресінмен шұғылданады. Әкесі Нұғманов Мұхамет жеке бапкері. Исхар Мұхаметұлы грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері.
2018-2019 жылғы кадеттер арасында Әлем және екі дүркін Азия чемпионы. 2023 жылы ересектер арасында грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы.
Сондай-ақ, 2023 жылғы ақпан айында өткен Қазақстан республикасының VI жазғы спартакиадасының күміс жүлдегері. Жуырда Иорданияның Амман қаласында грек-рим күресінен жастар арасында өткен Әлем Чемпионатында Әлем чемпионы атанды.
Айта кетсек, қазақстандық балуандар соңғы рет аталған жастағы спортшылар арасындағы әлем чемпионатында жеті жыл бұрын жеңіс тұғырынан көрінген еді.