Жетісу облысының жолдарына қайтадан фоторадар қойылатын болды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Жетісу облысының аумағында 443 жол апаты тіркеліп, 116 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тағы 716 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Жол апатының негізгі себептерінің бірі - жүргізушілердің жылдамдық режимін асыруы.

«Осыған байланысты, облыс жолдарында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың өлімі мен жарақатын азайту мақсатында «КРИС-П» фоторадар жылжымалы кешенін пайдалана бастады.

Халық арасында «үш аяқты» деген лақап атқа ие құрылғы жол ережелерін бұзғандарды автоматты бақылау үшін қолданылатын болады», деп мәлімдеді Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, аталған құрылғы автокөліктерді фото және бейнетіркеу арқылы бақылайды.