Жетісу өңірінде А гепатитін жұқтыру дерегі 7 есеге артқан

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарт - Жетісу облысында жыл басынан бері жіті вирустық гепатиттің 89 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 20 бала сырқаттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысының санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшысы Асхат Чарапиевтың сөзінше, биыл өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық 7,44 есеге жоғарылаған.

«Вирустық «А» және «Е» гепатиттері вируспен ластанған қол, су, тағам өнімдері арқылы беріледі. Вирустық В, С және D гепатиттері вирустарының берілуі қан арқылы, сондай-ақ, вирус жұқтырған анадан балаға босану кезінде өтеді. Вирустық В, С және D гепатиттерінің вирустарын жұқтырудың ең үлкен қаупі есірткіні инъекциялық жолмен тұтынумен байланысты», - деді ол.

Облыстың бас санитар дәрігернің айтуынша, вирустық гепатиттің барлық түріне тамаққа тәбеттің болмауы, бастың ауыруы, жүректің айнуы, құсу, қалтырау, іштің ауруы, дене қызуының көтерілуі, сарғыштану, нәжістің түссізденуі, зәрдің қоңырқайлануы сияқты негізгі белгілер тән.

«Гепатиттерді диагностикалау үшін қазіргі уақытта зертханалық ИФТ және ПТР тәсілдерімен анықтау маңызды. Бүгінгі таңда А және В гепатиттеріне қарсы вакцина бар, ұлттық егу күнтізбесіне еңгізілген. Қалған гепатиттерге арналған вакцина жоқ. А және Е гепатитінің алдын алу мақсатында сырттан келгенде, тамақ ішер алдында қолды сабындап жуу, міндетті түрде қарапайым жеке бас тазалығын сақтау, жеміс-жидектерді, көкөністерді таза сумен мұқият жуу, үй-жайларда тазалықты қамтамасыз ету, белгісіз су көздерінен суды тұтынбау қажет», - деді Асхат Сәкенұлы.