Жетісу тарихы жайлы кітап жарық көрді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының Мәдени бағдарламалар орталығында Үміткен Бүркітбаеваның «Жетісуым -жеті құтым, ырысым» атты кітабы көпшілікке таныстырылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кітапта Жетісу жерінде туып-өскен, тағдыр тәлкегімен тарих қойнауында қыры мен сыры ашылмай қалған Сәмен, Шанышқылы Бердіқожа, Қапал, Байсерке, Тойшыбек, Байсейіт сынды батырлар мен Жайнақ, Әшекей, Диқанбай, Ыдырыс сынды билер және тағы басқа көптеген тұлғалардың тағдырын мұрағаттық деректер арқылы оқырманға жеткізілген.Автор сондай-ақ Жетісудағы 1916 жылғы көтерілістің қалтарыста қалған қырларын тұңғыш рет оқырман назарына ұсынған. Кітапта Жетісу өлкесінің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар Данагүл Тойшыбекқызы, Айсұлу Байсеркеқызы, Әсел Байсейітқызы және жаугершілік заманда ерлік үлгісіне айналған Жетісудың батыр қыздары туралы кеңінен айталады.Кітаптың тұсаукесеріне Мақаш Тәтімов, Бексұлтан Нұржекеұлы, Марал Сқақбай, Сейфолла Оспан сынды танымал тұлғалар қатысып, өз ойларын білдірді. «Кітапта тек Жетісудағы ғана емес, тұлға болған бүкіл қазақ әйелдерінің шежіресі берілген. Біз батырларды мадақтап, зерттеп болдық. Енді ел ретінде өсіп- өнеміз десек, қазақ әйелдерін мадақтауымыз, оларды дәріптеуіміз керек. Кітап осы тұрғыда құнды», дейді белгілі демограф, профессор Мақаш Тәтімов.