Б. Өнербаевтың Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың арқасында еліміздегі көптеген ұлыстардың басын біріктіретін толеранттылықтың теңдессіз институты Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанын, Алғыс айту күнінің Президент Жарлығымен дәл Ассамблеяның құрылған күніне орай белгіленуі барлық этностардың бір-біріне достық көңіл мен бауырластық пейілдері үшін ризашылық білдіруіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Құрметті жерлестер! Мерекелеріңіз құтты болсын! Осы айтулы мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір тілеймін. Бүгінгі Алғыс айту күні баршаңызға қуаныш сыйласын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», - деді Б. Өнербаев.
Сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, Талдықорған корейлері Ассоциациясының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А. Ким, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Сыдық Қазақстанға репрессия жылдарында түрлі ұлт өкілдерінің депортациялану тарихына тоқталып өтті. Әрбір сөйлеуші өз сөзінде қазақ халқының қонақжайлығы, төзімділігі мен мейірімділігі жер аударылып келген этнос өкілдеріне жаңа да жарқын өмір сыйлағанын ерекше атап өтті.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Олеся Таджиева жастардың атынан сөз алды. Ол жастардың өз елінің тарихын, өткенін құрметтейтінін, болашаққа Қазақстан халқының бейбітшілік, тұрақтылық, келісім сияқты басты құндылықтарын алып баратындарын сеніммен айтты.
Мерекеге арнап қойылған концерттік бағдарламада Қазақстанда тұратын түрлі ұлт пен ұлыстардың әндері шырқалып, билері биленді. Бұл шара еліміздің мәдениеті мен дәстүр байлығының, халқымыздың ұлылығы мен сұлулығының жарқын көрінісі болды.